ТӨЛЕБИ – ЭКОТУРИЗМНІҢ ЖАҢА БАҒЫТЫ

Төлеби ауданы табиғи байлығы, көркем ландшафты мен қолайлы климатының арқасында экотуризмді дамытуға зор мүмкіндігі бар өңірлердің біріне айналып келеді. Асқар таулар, қалың орман алқаптары, мөлдір өзен-көлдер мен таза ауа табиғат аясында демалуды қалайтын туристер үшін ерекше тартымды орта қалыптастыруда.
Ауданның туристік әлеуетін айқындайтын басты табиғи нысан – «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі. 2006 жылы құрылған ұлттық парк Батыс Тянь-Шаньның бірегей табиғи кешенін сақтап, биоалуантүрлілікті қорғау мақсатында ұйымдастырылған. Оның жалпы аумағы 149 мың гектарда асады. Парк аумағында сирек кездесетін қар барысы, Тянь-Шань қоңыр аюы, арқар, тауешкі сынды жануарлар мен Қызыл кітапқа енген өсімдіктердің көптеген түрі мекендейді.
Ұлттық парк құрамына Сайрам шыңы (теңіз деңгейінен 4236 метр), Мақпал көлі, Сусіңген көлі, Қырық қыз жартастары, Өгем және Қасқасу шатқалдары секілді табиғаты ерекше көрікті орындар енеді. Бұл аймақтар жаяу серуендеу, тау туризмі, альпинизм, атпен саяхаттау, фототуризм және экологиялық бағыттағы демалыс түрлерін дамытуға қолайлы. Бүгінде парк аумағында бірнеше туристік маршруттар жұмыс істеп, келушілерге табиғатпен етене жақын танысуға мүмкіндік жасалған.
Төлеби ауданында туризм инфрақұрылымын жетілдіру, демалыс орындарының санын арттыру, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және қызмет көрсету сапасын көтеру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесінде ауданға келетін туристер саны артып, өңірдің туристік тартымдылығы жылдан-жылға артып келеді.
Төлеби ауданының табиғи мұрасын халықаралық деңгейде таныту жұмыстары да қарқын алуда. Әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының қызығушылығы артып, ауданның көрікті жерлері мен туристік әлеуеті халықаралық ақпарат кеңістігінде кеңінен насихатталуда. Бұл бастамалар өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып қана қоймай, экотуризмнің тұрақты дамуына және жергілікті экономиканың өркендеуіне тың серпін беруде.
Табиғат пен туризм үйлесім тапқан Төлеби ауданы бүгінде Түркістан өңіріндегі экотуризмнің маңызды орталықтарының біріне айналып, отандық және шетелдік саяхатшылар үшін тартымды бағыт ретінде дамуын жалғастыруда.

.

Translate »