Төлеби ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты «Төлеби аудандық мәдениет үйі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны 2026 жылдың алғашқы алты айында мәдениет пен өнерді дамыту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және тұрғындардың рухани сұранысын қанағаттандыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарды.
Бүгінде аудан тұрғындарына бір аудандық мәдениет үйі, алты ауылдық мәдениет үйі және тоғыз ауылдық клуб тұрақты түрде мәдени қызмет көрсетуде. Сонымен қатар төрт «халықтық» ансамбль мен «Жебе» халықтық драма және көркемөнер ұжымы ауданның мәдени өміріне белсенді үлес қосып, өнердің өрісін кеңейтуге қызмет етуде.
Жыл басынан бері аудан көлемінде жоспарлы және жоспардан тыс жалпы 487 мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылды. Оның ішінде аудандық мәдениет үйінде, ауылдық мәдениет үйлері мен ауылдық клубтарда түрлі концерттер, әдеби-музыкалық кештер, театрландырылған қойылымдар, ұлттық мерекелер, тағылымдық кездесулер, шығармашылық байқаулар мен фестивальдер өткізілді. Бұл іс-шаралар тұрғындардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастырумен қатар, жас ұрпақтың бойына ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтарды сіңіруге бағытталды.
Аудан мәдениетінің маңызды бағыттарының бірі – клубтық құрылымдардың жүйелі жұмысын ұйымдастыру. Қазіргі таңда мәдениет мекемелерінде 88 үйірме, оның ішінде бес «халықтық» шығармашылық ұжым тұрақты жұмыс жүргізуде. Үйірмелерге 1254 өнерпаз қатысып, ән, би, театр, көркем сөз, қолөнер және өзге де шығармашылық бағыттар бойынша өнерлерін шыңдауда. Әрбір мәдениет мекемесінде үйірме жұмыстары арнайы жоспар негізінде ұйымдастырылып, тәжірибелі мамандар мен өнер иелерінің жетекшілігімен тұрақты сабақтар өткізілуде. Бұл жұмыстар жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, дарынды балаларды анықтап, олардың қабілетін шыңдауға зор мүмкіндік беріп келеді.
Есепті кезеңде мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше көңіл бөлінді. Заманауи техникалық құралдармен қамтамасыз ету, сахналық жабдықтарды жаңарту және шығармашылық ұжымдарға қажетті жағдай жасау бағытында тиісті жұмыстар жүргізілді. Бұл мәдени қызмет сапасын арттырып, іс-шараларды жаңа деңгейде ұйымдастыруға мүмкіндік беруде.
Жыл ішінде мемлекеттік мерекелер мен атаулы күндер кең көлемде аталып өтті. Халықаралық әйелдер күні, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы, Ұлы Жеңіс күні, Мәдениет және өнер қызметкерлері күні секілді маңызды мерекелер жоғары деңгейде ұйымдастырылып, аудан тұрғындарының зор ықыласына бөленді.
Сонымен қатар шығармашылық қабілеттерді дамытуға бағытталған аудандық байқаулар мен фестивальдер де өз жалғасын тапты. Жас эстрада әншілері мен жүргізушілердің, бишілердің, патриоттық ән орындаушылардың, суретшілердің, әжелер мен батагөй қариялардың, ерекше қажеттілігі бар балалардың қатысуымен өткен байқаулар мен өнер фестивальдері жас таланттардың танылуына және мәдени ортаның жандануына серпін берді. Сондай-ақ аудан өнерпаздары облыстық деңгейдегі мәдени жобаларға белсенді қатысып, Төлеби өңірінің өнерін лайықты дәрежеде таныстырып келеді.
Аудандағы этносаралық келісім мен қоғамдық бірлікті нығайту мақсатында ұлттық-мәдени орталықтардың қатысуымен түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Неміс және славян этномәдени бірлестіктерінің тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрін насихаттауға арналған мерекелік бағдарламалар көпұлтты қоғамдағы өзара сыйластық пен достықты нығайтуға өз үлесін қосты.
Аудан өнерпаздарының кәсіби шеберлігін шыңдау мақсатында олардың облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі байқауларға қатысуына тұрақты қолдау көрсетілуде. Соның нәтижесінде Төлеби ауданының шығармашылық ұжымдары мен жеке орындаушылары түрлі деңгейдегі байқауларда жүлделі орындарға ие болып, аудан мәдениетінің мерейін үстем етуде.
Алдағы кезеңде де Төлеби ауданында мәдениет саласын дамыту, ұлттық өнерді насихаттау, жас таланттарға қолдау көрсету және тұрғындардың рухани өмірін байыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады. Мәдениет – елдің рухани тірегі екенін басты ұстаным еткен аудан мәдениет қызметкерлері халық игілігі жолындағы еңбектерін жаңа бастамалармен толықтыра отырып, өңірдің мәдени әлеуетін одан әрі арттыруға күш салатын болады.

