КЕЛІНДЕР САЙЫСЫНДА ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ ДӘРІПТЕЛДІ

Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі мен рухани құндылықтарының алтын арқауы – отбасы тәрбиесі. Ал сол отбасының берекесін кіргізіп, ұрпақ сабақтастығын жалғап, ұлттық тәрбиені ұлықтайтын тұлғаның бірі – қазақ келіні. Келіннің ибалығы мен инабаттылығы, үлкенге деген құрметі мен кішіге деген ізеті, еңбекқорлығы мен парасаттылығы – халқымыздың ғасырлар сүзгісінен өткен тәлім-тәрбиесінің айқын көрінісі. Сондықтан қазақ қоғамында келіннің орны әрдайым ерекше бағаланып, оның өнегелі болмысы ұлттың рухани байлығымен сабақтастырылып келеді. Осындай асыл қасиеттерді дәріптеу, жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру және қазақ келінінің өнегелі бейнесін насихаттау мақсатында Төлеби аудандық мәдениет үйінің қолдауымен, Бірінші мамыр ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Қазақтың келіндері-ай» атты аудандық келіндер байқауы жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Тағылымы мол мәдени шара Қазақ КСР-ның Еңбек сіңірген әртісі Меруерт Өтекешованың 75 жылдық мерейтойына және Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі Гүлнар Сиқымбаеваның 65 жылдық мерейтойына арналды. Өнер майталмандарының есімдерімен сабақтасқан байқау қазақ әйелінің болмысын, отбасы құндылықтарын және ұлттық дәстүрдің өміршеңдігін насихаттауға бағытталды.

Байқауға ауданның әр ауылдық округінен келген өнерлі де өнегелі келіндер қатысып, төрт кезең бойынша өзара бақ сынады. Қатысушылар өздерін сахнада еркін ұстап, ұлттық салт-дәстүрге деген құрметін, қазақы тәлім-тәрбиеге деген көзқарасын, өнері мен тапқырлығын жан-жақты көрсетті. Әр кезең қатысушылардың шығармашылық қабілетін ғана емес, қазақ келініне тән мәдениеттілік пен кішіпейілділікті, сөз саптау шеберлігі мен ұлттық дүниетанымын айқындай түсті. Ұлттық киімнің сән-салтанаты, қазақы қонақжайлықтың үлгісі, халқымыздың әдет-ғұрпы мен тұрмыс-тіршілігі сахна төрінде көркем үйлесім тапты.

Байқауға қатысушылардың өнеріне әділқазылар алқасы әділ бағасын беріп, әрбір кезеңнің талаптарына сай үздіктерді анықтады. Қатысушылардың барлығы жоғары дайындықпен келгені көрініп, көрермен қауым олардың өнеріне ризашылықтарын білдірді. Бұл байқау қазақ келінінің тек отбасының ұйытқысы ғана емес, ұлттық мәдениет пен рухани құндылықтардың жанашыры екенін тағы бір мәрте айқындады.

Тартысты дода қорытындысы бойынша І орын Жамбыл ауылдық округінің қатысушысы Исмайл Балнұрға бұйырып, оған 40 000 теңге көлеміндегі жүлде табысталды. ІІ орынды Бейнеткеш ауылдық округінен қатысқан Үсіпәлиева Айгерім иеленіп, 30 000 теңгелік жүлдеге ие болды. Ал ІІІ орын Момынай ауылдық округінің намысын қорғаған Әбдімәжит Қаламқасқа бұйырып, 20 000 теңге көлеміндегі сыйақы тапсырылды.

Сонымен қатар байқауға қатысқан өзге үміткерлердің де еңбегі жоғары бағаланып, барлығына арнайы дипломдар мен 10 000 теңге көлеміндегі сертификаттар табыс етілді. Бұл марапаттар олардың ұлттық құндылықтарды дәріптеуге қосқан үлесіне көрсетілген құрметтің белгісі болды.

«Қазақтың келіндері-ай» аудандық байқауы – ұлттық тәрбиені ұлықтап, қазақ әйелінің қоғамдағы орны мен келін мәртебесінің биіктігін кеңінен насихаттаған тағылымды шаралардың бірі болды. Мұндай игі бастамалар ұлттық мәдениетіміздің тамырын тереңдетіп, салт-дәстүріміздің сабақтастығын сақтауға, жас ұрпақтың бойында елдік рух пен отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға зор ықпал етеді. Қазақ келінінің парасаты мен пайымын, ибасы мен ізетін дәріптеген бұл байқау қатысушыларға ғана емес, көрермен қауымға да рухани тағылым сыйлап, ұлттық құндылықтардың мәңгілік екендігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Translate »