ТӨЛЕБИ – ҰЛТТЫҚ СПОРТТЫҢ ӨРІСІ КЕҢ ӨҢІР

Төлеби ауданында ұлттық спорт түрлерін дамыту мен дәріптеу мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі ретінде жүйелі жүзеге асырылуда. Аудан тұрғындарының ұлттық ойындарға деген қызығушылығы жыл сайын артып, ұлттық спортты дамытуға бағытталған кешенді жұмыстар өз нәтижесін беруде.

Бүгінде ауданда көкпар, қазақ күресі, бәйге, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, асық ату, тоғызқұмалақ және құсбегілік секілді ұлттық спорт пен дәстүрлі өнер түрлері кеңінен насихатталуда. Жасөспірімдер спорт мектептері мен тәжірибелі жаттықтырушылардың еңбегінің арқасында аудан спортшылары облыстық және республикалық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, Төлебінің мерейін үстем етуде.

Ұлттық мұраны дәріптеуде құсбегілік өнерінің де алар орны ерекше. Осы бағытта Қасқасу ауылдық округінің тұрғыны Кәуенов Жомарт атадан балаға мирас болған саятшылық дәстүрін жалғастырып, қыран құстарды баптау өнерін кейінгі ұрпаққа насихаттап келеді. Оның ұлттық құндылықтарды сақтауға бағытталған еңбегі құсбегілік өнерінің кеңінен танылуына және жастардың дәстүрлі мәдениетке деген қызығушылығының артуына ықпал етуде.

Сонымен қатар, ұлттық мерекелер мен мәдени-көпшілік іс-шаралар аясында ұйымдастырылатын ұлттық ойындар мен спорттық жарыстар тұрғындардың белсенді қатысуымен өтеді. Бұл шаралар халқымыздың бай мұрасын ұлықтап қана қоймай, жас ұрпақтың бойына елжандылық, отансүйгіштік және ұлттық рухты сіңіруге қызмет етеді.

Төлеби ауданында ұлттық спорттың материалдық-техникалық базасын нығайту, жас спортшыларды қолдау және ұлттық мұраны кеңінен насихаттау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Ұлттық спорт – ұлт рухының айнасы, ал оны дамыту – ата-баба аманатына деген адалдықтың жарқын көрінісі.

Translate »