«ДОМБЫРАМ, КҮЙ ТӨГІЛСІН ШАНАҒЫҢНАН»: ҰЛТТЫҚ ӨНЕР ҰЛЫҚТАЛҒАН КҮЙШІЛЕР ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

🇰🇿 2026 жылғы 2 шілде күні Төлеби ауданының әкімі **Еркеғали Амантайұлы Әлімқұловтың** қолдауымен, аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Ұлттық домбыра күніне, қазақтың күй өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның Халық әртісі **Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына** және Қазақстанның Халық әртісі, күйші-композитор **Қаршыға Ахмедияровтың 80 жылдығына** арналған **«Домбырам, күй төгілсін шанағыңнан»** атты аудандық күйшілер фестивалі өтті.

Фестивальдің негізгі мақсаты – халқымыздың ғасырлар қойнауынан жеткен күй өнерін дәріптеу, ұлттық аспап – домбыраның қадір-қасиетін насихаттау, ұлттық мәдени мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізу және талантты күйшілердің шығармашылығына қолдау көрсету болды.

Күй кешінде қазақтың қасиетті қара домбырасынан төгілген күмбірлі күйлер көрерменге ерекше рухани әсер сыйлап, ұлттық өнердің өміршеңдігін айқын көрсетті. Қатысушылар халқымыздың дәстүрлі күй мектебінің үздік туындыларын орындап, орындаушылық шеберліктері мен өнерге деген адалдықтарын паш етті.

Фестиваль қорытындысында қатысушылардың барлығы аудандық мәдениет үйінің **дипломдарымен марапатталып**, ұлттық өнерді дәріптеуге қосқан үлестеріне ризашылық ретінде **қасиетті қара домбыра сыйға тартылды**.

Тағылымы терең, мазмұны бай мәдени шара ұлттық рухты асқақтатып, күй өнерінің құдіретін кеңінен насихаттап, жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыруға бағытталған маңызды рухани мерекеге айналды.

Translate »