«ДАЛАНЫҢ ЖЫР ШЕЖІРЕСІ»: ДӘСТҮРЛІ ӨНЕРДІ ДӘРІПТЕГЕН БАЙҚАУ ӨТТІ

🇰🇿 2026 жылғы 14 шілде күні Төлеби ауданының әкімі **Еркеғали Амантайұлы Әлімқұловтың** қолдауымен, аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен қазақ халқының ұлы мемлекет қайраткері **Абылай ханның 315 жылдығына**, сондай-ақ актер, күйші, композитор, Қазақстанның Халық әртісі **Манарбек Ержановтың 125 жылдығына** арналған **«Даланың жыр шежіресі»** атты аудандық термешілер мен дәстүрлі әншілер байқауы жоғары деңгейде өтті.

Байқаудың мақсаты – халқымыздың төл өнері саналатын терме мен дәстүрлі ән өнерін дәріптеу, ұлттық рухани мұраны насихаттау, жас өнерпаздардың шығармашылық қабілетін шыңдау және қазақтың әншілік-термешілік мектебінің үздік дәстүрлерін кейінгі ұрпаққа кеңінен таныту болды.

Өнер додасына ауданның ауылдық мәдениет мекемелерінен **15 үміткер** қатысып, дәстүрлі ән мен терме орындаудағы шеберліктерін ортаға салды. Байқау барысында қатысушылар ұлттық өнердің асыл қазынасын жаңғыртып, көрермен қауымға рухани әсер сыйлаған мазмұнды бағдарламаларын ұсынды.

Қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздар төмендегідей анықталды:

🏆 І орын — Жабаев Қуаныш – Зертас ауылдық мәдениет үйі (жүлде қоры – 45 000 теңге);
Кеңес Азамат– Қостөбе ауылдық кітапханасы (жүлде қоры – 45 000 теңге).

🥈 ІІ орын — Бекарыс Рахматуллаев – Момынай ауылдық кітапханасы (жүлде қоры – 30 000 теңге);
Арыстан Мағжан – Тасарық ауылдық кітапханасы (жүлде қоры – 30 000 теңге).

🥉 ІІІ орын — Тұрсын Нұрдәулет – Қаратөбе ауылдық кітапханасы (жүлде қоры – 20 000 теңге);
Әшірбай Жанболат – Сарқырама ауылдық мәдениет үйі (жүлде қоры – 20 000 теңге).

Байқау аясында ұлттық өнерді ұлықтайтын арнайы номинациялар да табысталды:

🏅 «Күміс көмей» номинациясы Жаппар Рамазанға (Бірінші Мамыр ауылдық мәдениет үйі) беріліп, оған үкілі домбыра сыйға тартылды.

🏅 «Терме – сөздің төресі» номинациясының иегері атанған Құлбай Мұхаммедке (Мәдени ауылдық кітапханасы) үкілі домбыра табысталды.

🏅 «Халық әні – қазынам» номинациясы Қайып Бейбітке (Көксәйек ауылдық мәдениет үйі) беріліп, ұлттық өнерге көрсетілген құрметтің белгісі ретінде үкілі домбыра сыйға ұсынылды.

Сонымен қатар, байқауға қатысқан барлық үміткерлерге белсенділігі мен өнерге деген құрметі үшін **10 000 теңгелік сертификаттар**, дипломдар және естелік сыйлықтар табысталды.

Ұлттық өнердің мәйегін дәріптеген бұл байқау халқымыздың бай мәдени мұрасын ұлықтап, дәстүрлі ән мен терме өнерінің өміршеңдігін айшықтаған, жас таланттарға шабыт сыйлаған тағылымды рухани шараға айналды.

Translate »