ЖЫЛАҚ АТА – ТАБИҒАТ ПЕН ТАРИХ ТОҒЫСҚАН КИЕЛІ МЕКЕН

Тарихы терең, табиғаты көркем Төле би ауданы – еліміздің рухани және туристік әлеуеті жоғары өңірлерінің бірі. Бұл өлке ежелден қасиетті орындарымен, шежіреге толы мекендерімен және табиғаттың қайталанбас жауһарларымен ерекшеленеді. Солардың ішінде туристер мен зиярат етушілер жиі ат басын бұратын, ел арасында кеңінен танылған киелі орындардың бірі – «Жылақ ата» бұлағы.

«Жылақ ата» – табиғаттың тылсым сырын бойына жиған, ғасырлар бойы аңыздармен астасып келе жатқан ерекше мекен. Биік жартастың қойнауынан үздіксіз тамшылайтын мөлдір бұлақ суы өзінің өзгеше табиғи ерекшелігімен көпшіліктің қызығушылығын тудырады. Халық арасында әрбір тамшының өзіндік қасиеті бар деген сенім қалыптасқан. Сондықтан бұл жерге еліміздің түкпір-түкпірінен келетін зияратшылар мен қонақтар шипалы судан дәм татып, табиғаттың ерекше құбылысына куә болуға асығады.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұлақ суы ежелден емдік қасиетімен бағаланып келеді. Әсіресе көз, бауыр және бүйрек ауруларына шипа болады деген сенім бар. Осы себепті «Жылақ ата» бұлағы табиғи мұра ғана емес, халықтың рухани дүниесімен астасқан қасиетті орын ретінде де ерекше құрметке ие.

Жартас іргесінде орналасқан табиғи үңгір бұл мекеннің тарихи әрі рухани құндылығын одан әрі айшықтай түседі. Үңгір жайлы ел аузында бүгінге дейін сақталған көптеген аңыз-әңгімелер бар. Солардың бірінде бағзы заманда Арабия жерінен ислам дінін насихаттау үшін келген Сайдсахи Жамал есімді әулие осы үңгірді паналағаны баяндалады. Оның тек дін жолын ұстанған жан ғана емес, емшілік қасиетімен де елге танылған дана адам болғаны айтылады. Көптеген адамдарға шипасын тигізіп, халықтың алғысына бөленген әулие туралы аңыздар ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отыр.

Аңыз бойынша, бір күні оның қос ұлы өмірден озып, қайғыдан қан жұтқан әулие үңгір ішіне кіріп, содан қайта оралмаған екен. Ал жартас қойнауынан тоқтаусыз тамшылап тұрған мөлдір су сол кісінің төгілген көз жасы деген наным халық арасында күні бүгінге дейін сақталған. Осыдан барып бұл мекен **«Жылақ ата»** атауына ие болған деседі.

Бұл киелі орынның тағы бір тылсым ерекшелігі – тау қойнауынан сарқырай аққан судың кей кездері өздігінен саябырсып, тіпті уақытша тоқтап қалуы. Араға аз уақыт салып бұлақ қайтадан сылдырап аға жөнеледі. Табиғаттың мұндай өзгеше құбылысы келушілерді таңғалдырып қана қоймай, киелі мекеннің жұмбағын тереңдете түседі. Ал жартас бетінен моншақтай тізіліп, мөлдіреп аққан су тамшылары табиғаттың ғажайып көрінісін паш етіп, келушілерге ерекше әсер сыйлайды.

Бүгінде «Жылақ ата» – тек тарихи-танымдық әрі рухани орын ғана емес, Төле би ауданының туризм саласын дамытуға өзіндік үлес қосып отырған маңызды нысандардың бірі. Жыл сайын мұнда еліміздің әр өңірінен және шетелден келетін саяхатшылар мен зияратшылардың қатары артып келеді. Табиғаттың көркемдігі, аңызға толы тарихы мен ерекше атмосферасы бұл мекеннің қадір-қасиетін арттыра түсіп, Төле би өңірінің туристік әлеуетін танытатын бірегей орындардың қатарына қосып отыр.

Translate »