Төлеби ауданында ұлттық өнерді ұлықтап, рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған «Төлеби өрнектері» атты мерекелік концерт өз жалғасын табуда. Төлеби аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен жүзеге асып жатқан тағылымды мәдени жоба бұл жолы Бірінші мамыр ауылдық мәдениет үйі мен Бейнеткеш ауылдық клубының өнерпаздарын бір сахнаға тоғыстырып, Ленгер қаласының орталық алаңында аудан тұрғындары мен қонақтарына ерекше мерекелік көңіл күй сыйлады.
Бұл мәдени шара – ұлттық өнердің мәйегін көпшілікке кеңінен насихаттап, ауыл мәдениетінің әлеуетін танытуға, өнерлі жандардың шығармашылығын қолдауға және халықтың рухани тыныс-тіршілігін байытуға бағытталған игі бастама. Концерт барысында ауыл өнерпаздарының шығармашылық ізденісі мен сахналық шеберлігі айқын көрініс тауып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Кеш шымылдығы қазақтың қастерлі күй өнерімен ашылып, күмбірлеген домбыраның үні туған жердің тарихы мен ұлттық рухын терең сезіндірді. Әрі қарай сахна төрінде шырқалған халық әндері мен заманауи шығармалар көрермен көңілінен шығып, ұлттық бояуы қанық би қойылымдары кештің мазмұнын байыта түсті. Әрбір өнер нөмірі халқымыздың салт-дәстүрін, мәдени мұрасын, туған жерге деген перзенттік сүйіспеншілікті дәріптеп, көрермендерді рухани әсерге бөледі.
Өнер – ұлттың жан дүниесін айшықтайтын асыл қазына. Осы кеште сахнаға шыққан әрбір өнерпаз өз таланты мен шығармашылық ізденісін жоғары деңгейде танытып, ұлттық мәдениеттің өміршеңдігін айқын көрсетті. Әсем ән мен күмбірлеген күй, мың бұралған би мен әсерлі сахналық қойылымдар көрермендердің ыстық ықыласына ие болып, ұзақ уақыт қол соғуына себеп болды. Бұл – ауыл мәдениетінің жылдан-жылға дамып, өнердің өрісі кеңейіп келе жатқандығының жарқын көрінісі.
Мерекелік кештің шырайын аша түскен ерекше бағдарламалардың бірі – «ТУР-ШЫМКЕНТ-ДУБАЙ-ГРУЗИЯ» шығармашылық ұжымының ойын-сауық кеші болды. Ұжым мүшелері көрермендермен емен-жарқын тілдесіп, түрлі қызықты ойындар мен көңілді байқаулар ұйымдастырды. Балалар мен ересектер белсене қатысып, мерекелік кештің сәнін келтірді. Белсенділік танытқан қатысушыларға арнайы естелік сыйлықтар табысталып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй мен ұмытылмас әсер сыйланды.
Шара барысында әлеуметтік жауапкершілікті серік еткен «Балмұздақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де игі іске қолдау білдірді. Кәсіпорын атынан бүлдіршіндерге тегін балмұздақ үлестіріліп, балалардың шат күлкісі мен қуанышты көңіл күйі мерекенің көркін одан әрі арттыра түсті. Бұл қайырымдылық бастамасы тұрғындардың зор ризашылығына ие болып, қоғамдағы жанашырлық пен ізгіліктің жарқын үлгісі ретінде бағаланды.
Осындай мазмұнды мәдени жобалар – ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп қана қоймай, ұрпақ бойына рухани құндылықтарды сіңіруге, халқымыздың бай мәдени мұрасын насихаттауға зор ықпал етеді. «Төлеби өрнектері» мерекелік концерті – өнер мен мәдениеттің алтын көпіріне айналған тағылымды жоба ретінде аудан жұртшылығын ортақ рухани құндылықтар төңірегіне топтастырып, ел бірлігі мен ұлттық болмысты нығайтуға қызмет етуде.
«Төлеби өрнектері» алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, ауданның барлық ауылдық округтерінің шығармашылық ұжымдарын бір сахнада тоғыстырып, ұлттық өнердің өркендеуіне, мәдениет саласының дамуына және тұрғындардың рухани сұранысын қанағаттандыруға өзіндік үлесін қоса бермек.